Қоғам туралы

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ ТАРИХЫ


Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы алғаш рет 1989 жылы Алматы қаласында өткен I-құрылтайда құрылды. Онда «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, міндеттері айқындалды. «Қазақ тілі» қоғамы да өз жұмысын ҚР Ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы Заңы, өзінің Жарғысы және Халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді.


«Қазақ тілі» қоғамының республикада және одан тыс жерлерде де бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санкт-Петербург, Саратов, Волгоград қаласында, Моңғолия, Түркия, Қарақалпақстан, Түркіменстанда және т.б. елдерде «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшелері бар. Сондай-ақ, Франция, Швеция, Америка, Қытайда тұратын отандастарымыз «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болып табылады.


1992 жылы 26 қарашада Алматыда республикалық «Қазақ тілі» қоғамының II-құрылтайы болып өтті. Осы құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебені иеленді. Соған сәйкес өзінің жаңа Жарғысын қабылдап, әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстар жайын айқындап алды. Жоғарыда аталған мемлекеттік тілге байланысты алуан түрлі шаралар II – және III – Құрылтай аралықтарында үздіксіз жүргізіліп отырды. 1993, 1994, 1995 жылдары Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Семей, Талдықорған, Шымкент қаласында көшпелі мәслихаттар өткізіліп, нақты шаралар белгіленіп отырды. Мұндай мәжілістер жергілікті жерден қолдау тауып, қалалық, аудандық бас қосулар өтті.


1996 жылы 21 қарашада Алматы қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының III – Құрылтайы өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйымдар жөніндегі заңға сәйкес республикалық мәртебеге ие болып, қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды. Осыған орай Жарғы да қайта түзіліп біраз жаңалықтар енгізілді. Әділет министрлігінің талабына лайықты жазылған Жарғыда атап көрсетілгендей, бұдан бұрынғы жерде барлық облыстар, халықаралық, аудандық ұйымдар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшілері болып саналды да, түскен қаржы-қаражаттар бір орталыққа шоғарландыру арқылы жұмсалатын болды.


2004 жылы 11 қарашада Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының IV-құрылтайы өтті. Онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл және алыс-жақын шетелдердегі ұлты қазақ отандастарымыздың ана тілі болып табылатын қазақ тілінің мәртебесін арттыру, ХХІ ғасырдың бүгінгі жаһандану кезеңіндегі оның болашағын айқындау мақсатында қаулы шығарды. Қаулыда қазақ тілінің мәртебесін барынша кеңейту, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «Тіл комитетін» құру, Тіл туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Қазақ тілі» қоғамының негізгі тірегі болып табылатын бастауыш ұйымдарды құру және т.б. мәселелер көтерілді.


2011 жылы 22 қыркүйекте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V-құрылтайы өтті. Бұл Құрылтайда Үкіметке бірнеше ұсыныстар жасалынды. Атап айтқанда, шетелдегі қандастарымызға ана тілі мен ата дәстүрінен қол үзбейтіндей жағдайды қарастыру бағытында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының үйлестіруімен «Қазақ тілін үйрету» орталықтары» желісін ұйымдастыру, Заң жобаларын бірден қазақ тілінде дайындау қажеттілігі, мемлекеттік мекемелердегі қазақ тіліндегі іс қағаздарының сапасы арттыру, қорыта келгенде, Қазақстан Үкіметіне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен арнайы Меморандум жасасып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының сапасына қоғамдық бақылау жасау, оларға лингвистикалық-әдістемелік көмек көрсету өкілеттігін беруді ұсынды.


2021 жылы 26 қараша күні Түркістан қаласында VI- Құрылтай өтті. Құрылтайда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Президент әкімшілігі мен ел үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жоспарларды саралап, тиісті тапсырмалар мен жоспарларды бекітті.


Түркістан төріндегі құрылтайда делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды. Ал оның вице-президенттері қызметіне Максим Рожин мен Анар Фазылжанова лайық деп танылды. Берік Әбдіғалиұлы мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмысты жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ, әр өңірде филиалдар құрылып, төрағалар сайланды.


2023 жылғы 21 шілде күні "Қазақ тілі" қоғамының кезектен тыс VII Құрылтайы Астана қаласында өтті. Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады. Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.

Сондай-ақ, құрылтай делегаттарының ұсынысы бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.